Түркияда қазақтың белгілі жазушысы С.Елубайдың түрік тілінде жарық көрген “Ақ боз үй” романының тұсаукесері өтті

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубайдың түрік тілінде жарық көрген “Ақ боз үй” атты романының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға қатысқандардың ішінде ТҮРКСОЙ, Түркия Жазушылар одағы, Еуразия Жазушылар одағы, Түркі дүниесі өнерпаздары мен жазушылар қоры, Түркия ғылым және әдебиет туындыларының авторлар қауымдастығы, Әлем жазушылары мен зиялылары қауымдастығы, Түркі дүниесінің сәулетшілері және құрылысшылары одағы сынды шығармашылық орталықтар болды.
Түрік тілінде “Arasat Meydanı” (Ғарасат майданы) атымен жарық көрген роман Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен басылып шықты.
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев еліміздегі 1921 және 1931-1934 жылдарда болған ашаршылық қасіреті туралы жазылған бұл туындының тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де құндылығына және маңыздылығына назар аударды.
Ал Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамытуда С.Елубай шығармасының түрік тілінде жариялануының да үлкен үлес болып қосылатындығын атап өтті.
«Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен мәдениет және әдебиет саласы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асуда. Олардың ішінде: қазақтың ұлы ойшылы Абай поэзиясы мен қара сөздерінің, Мұқағали Мақатаев, Сүйінбай Аронұлының өлеңдерінің түрік тіліне аударылып жарық көруі екі елдің рухани ынтымақтастығын тереңдетуде», – деп, Якуб Омароғлы атап өтті.
Тұсаукесер соңында сөз сөйлеген кітап авторы С.Елубай қазақ халқының басынан өткен үлкен қасірет туралы жазылған шығармасының түрік тіліне аударылуына ризашылығын білдірді.

Siz de fikrinizi belirtin