[dcs_p] Анар Рзаев, Түркітілдес мемлекеттер Жазушылар одағының төрағасы: Ана тілі — ұлттың айбыны [/dcs_p] [dcs_p] Осыдан үш жыл бұрын Бішкекте өткен Түркі Кеңесінің екінші саммитінде Түркітілдес мемлекеттер Жазушыларының одағын құру (TDYB) туралы келісімге қол қойылған болатын.

Одақты құру туралы идея Ескишехир шаһарында өткен Түркiтiлдес елдер жазушыларының конференция­сында айтылды. 2014 жылдың 18 ақпанында негізі қаланған Одақтың құрылтайшылары Әзiрбайжан, Түркия, Қазақстан және Қырғызстан республикаларының Жазушылар одақтары. Түркiтiлдес мемлекеттердiң жазушылар одағының бас хатшысы, Әзiрбайжанның мемлекеттiк сыйлығының, Гейдар Алиев атындағы сыйлықтың және 2014 жылғы ТМД Парламентi ассамблеясының Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлығының иегерi, Әзірбайжанның халық жазушысы, 2012 жылғы «Түркi әлемi әдебиетiндегi жыл адамы» Анар Рзаевпен ықпалдастық заманындағы ақын-жазушылардың рөлі туралы әңгімелескен едік. [/dcs_p] [dcs_p] – Анар мырза, әдебиетті жалпы халық жоғары бағалаған, жазушылардың оқырманы көп болған заманның қаламгерісіз. Кітаптар жүздеген мың данамен жарық көрген ол заман мен оқырманы аздау қазіргі кезеңнің әдебиетімен де таныссыз. Қазір Әзірбайжанда әдебиеттің жағдайы қалай? [/dcs_p] [dcs_p] – 1938 жылы 14 наурызда дүниеге келдiм. Ата-анам елге танымал ақындар еді. Жазушы отбасында, әдеби ортада өстік. Алғашқы шығармаларым 1960 жылдары жариялана бастады. Қаламгерлік жолды прозалық дүниелер, пьеса, сценарий, эсселер жазудан бастадық. Әдебиет әлемiнде жарты ғасырға жуық еңбек етiп, 120-дан астам кiтап шығарыппын. Олардың бiрталайы жиырма мемлекетте жарияланды. Жеке шығармаларым қырық тiлге аударылған. 1987 жылы Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы болып тағайындалдым. Осы қызметтi әлi күнге дейін атқарып келемiн. Кезінде Әзiрбайжан Парламентiне депутат болып сайландым. СССР-дiң халық депутаты болған кезiм де бар. Әр заманның өзінің ерекшеліктері, адамзат қоғамына тосыннан кездестіретін «сыйлары» болады. Алда не тұрғанын, ертеңгі күнді қандай дайындықпен қарсы алу керектігін ешкім білмейді. Кісі баласының қолынан келетіні тек заман ағымына мойынсұнып, уақытқа лайық іс істеу. [/dcs_p] [dcs_p] Посткеңестік республикалардың қолына қалам ұстаған азаматтарына жаһандану заманының ағымына ілесуге тура келді. Әзірбайжанда да солай. Әзiрбайжандағы кiтап шығару iсi басқа да посткеңестiк елдердегi сияқты коммерциялық заңдар аясында жүзеге асырылатын болды. Бұрынғыдай «сен жазушы екенсің, міне сыйақың, жылы үйде жатып, кітабыңды жаза бер» деп ешкім де қамқорлық танытпайды. Қаламгер қауымы бір иығына тіршілік жүгін артса, екінші иығына шығармашылықтың қиындығын артумен жүр. Дегенмен жақсылықтың бәрі өткенмен кетті, қазір тек қиындықпен өмір сүрудеміз деуге тағы болмайды. Әзірбайжанда жазушыларға жасалатын көмек басқалармен салыстырғанда әжептәуір. Мәселен, Әзiрбайжан Президентiнiң арнайы жарлығымен жүздеген классик жазушылар мен әлем әдебиетiнiң көрнектi өкiлдерiнiң еңбектерi елеулі таралыммен жарық көруде. Жазушыларға грант, стипендиялар беріліп тұрады.

[dcs_p] – Жазушыларда бұрынғыдай қалың оқырман жоқ қой. Бұрын ауыл-ауылдағы оқырмандардан кітабын оқығаны туралы жазушыларға хаттар келіп тұратын. Қазір бірен-саран әріптес Жазушылар одағында бас қосып, шыққан кітапты талқылағаннан арыға бармайды. Бұрынғыдай әдеби сынды да байқамаймыз. Қаламгерлер бірін бірі мақтап жазғаннан басқа… [/dcs_p] [dcs_p] – Рас, оқырманның азаюы әдебиеттің сапасын көрсетеді. Әрине, жазушыларға жасалатын қамқорлық басты орында болса керек. Бұл Кеңес Үкіметінің құлауымен ғана байланысты емес. Бұл бір жағынан телеарналардың көбейіп кетуімен де байланысты. Бәрінен де зоры жас ұрпақты виртуалды сиқырымен арбап алған ғаламтордың әсері десек болады. Электронды көрсетілімдер де көп, бағдарламалар да қаптап кетті. [/dcs_p] [dcs_p] Жастар кітаптан гөрі алақ-жұлақ дүниеге құмартып барады. Бұрын Одақтас республикалардың жастары бауырлас елде шыққан әрбір классик жазушының еңбегін қалдырмай оқитын. Мысалы, мен жас кезiмде ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» тамсанып оқыған едім. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, марқұм Әнуар Әлiмжановтың және үлкен досым Олжас Сүлейменовтің кiтаптарын сол кезде оқып бітіргенмін. Қазір де сол әдетіммен Нұрлан Оразалиннің, Төлен Әбдiковтің, басқа да жазушылардың еңбектерін оқып тұрамын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанда менiң «Ак жигалай» кiтабымды аударып шығарғаны үшiн жазушы Берiк Шахановқа ризашылығымды бiлдiрсем деймін. Мұхтар Шахановқа «Белый овен, черный овен» повесiмдi қазақ журналында жариялағаны үшiн алғысымды айтамын. [/dcs_p] [dcs_p] – Көркем әдебиетті дамытушы негізгі күш – әдеби сын. Қазіргі заманда әдебиеттанушылардың, сыншылардың басты мақсаты не болуы керек? [/dcs_p] [dcs_p] – Қалталылар қаптатып кітап шығарып жатқан кезеңде сол қалың нөпірдің ішінен поэзия мен прозаның нағыз үлгілерін таңдап алу әдебиеттанушылар мен сыншыларға оңай емес. Әдебиет өзінің көркемдік қасиеттерін қай кезеңде болса да сақтап қалуы керек. Түркі халықтарында қазір әлемге танылуға деген ұмтылыс бар. Түркі жазушыларында «әлем жұртшылығы біздің халықтарымыздың тағдырымен танысса, қазіргі қоғамдық мәселелерін білсе» деген ниет бар. Руханияттың бір тетігі мәдениет болса, әлемге танылу тұрғысынан әдебиеттен гөрі мәдениетіміз озық тұр. Әдебиетімізді таныту жағына да күш салуымыз керек. [/dcs_p] [dcs_p] – Ықпалдастық пен жаһандану заманында түркi жазушыларының рөлi қандай?[/dcs_p]

[dcs_p] – Жаңа Одақты құру туралы құжатқа аталған мемлекеттердiң Жазушылар одақтарының басшылары мен ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қол қойды. Түркi тiлдес мемлекеттердiң жазушылар Одағының құрамына басқа да бауырлас мемлекеттердiң әдеби мекемелерi енсе – құба-құп. Түркi Жазушыларының одағының құрылуы осы интеграция мен жаһандануға дөп келiп отыр. Жаңа Одақтың мақсаты – түркi халықтарын жақындастыру, шығармашылық ұйымдардың байланысын нығайту, бауырлас халықтардың жазушылары мен әдебиетшiлерiнiң достығына серпiн беру, бiрлесiп кiтаптар шығару, түркi жазушыларының еңбектерiн басқа тілдерге аудару. [/dcs_p] [dcs_p] Шет елмен байланыс дегенде ең алдымен Түркия келедi есiмiзге. Ұзақ жылдық қырғи-қабақ соғыстан соң бiз бiр-бiрiмiздi мүлдем танымайтын едiк. Қазiр ынтымақтастық өте жоғары деңгейге көтерiлдi десек болады. Бiз түрiк жазушыларымен жақсы таныспыз. Түркияда бiздiң қаламгерлердiң кiтаптары аударылып, шығып жатыр. Түрiктiң бiрнеше жазушысы Әзiрбайжан Жазушылар одағының құрметтi мүшесi болып қабылданды. «Одақтың құрметтi мүшесi» деген атақ басқа түркi тiлдес елдердiң қаламгерлерiне, мәселен, кезiнде Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовке де берiлдi. Ресей қаламгерлерiмен байланысымызды үзген емеспiз. Бiрнеше жыл бұрын «Дружба народов» журналының бiр саны толығымен Әзiрбайжан әдебиетiне арналып шықты. Әзiрбайжан жазушылары жаһандану заманында бауырлас халықтар әдебиетшiлерiмен бiрлесе еңбек етуді еш тоқтатқан емес. Стамбұлда «Диалог Евразия» платформасына белсендi түрде қатыстық. Сондай-ақ ТМД мен Еуропа жазушыларының «Шекарасыз әдебиет» деп аталатын қозғалысына да араластық. [/dcs_p] [dcs_p] – Жуырда 80 жылдық мерейтойын атап өткен Әзiрбайжан Жазушылар одағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? [/dcs_p] [dcs_p] – Одақтың мерейтойын кең ауқымда атап өттік. Тойға алыс-жақын шет елдерден көптеген қонақтар шақырылды. Әзiрбайжан жазушыларының 12-шi съезi өткiзiлдi. Бүгiнде Әзiрбайжанның Жазушылар одағында 1700 мүше бар. Одақ аясында төрт журнал, екi газет шығарамыз. Жазушылар мен әдебиетшiлерге арналған сыйлықтар мен стипендиялар тағайындалады. Әсiресе, жас қаламгерлерге мейлiнше қамқорлық көрсетуге тырысамыз. Жас жазушыларға арнайы сыйлық берiледі. [/dcs_p] [dcs_p] Одақта әдеби аударма бөлiмi жұмыс iстейдi. Бұл бөлiмде аудармашылар жылына төрт рет екi альманах шығарады. Одақта Ресей жазушыларымен, ТМД қаламгерлерiмен тұрақты байланыс орнаған. Шығыс және Еуропа жазушыларымен де ынтымақтастық орнатқанбыз. Ал түркi жазушыларымен байланыс ерекше маңызға ие. Одақ аясында Әзiрбайжанның және түркi жазушыларының жарық көрген кiтаптарының тұсаукесерi өтiп тұрады. Баспадан жаңадан жарық көрген туындылар арнайы отырыс­тарда талқыға салынады. Әдебиет классиктерiнiң мерейтойларын да ұмытпай атап өтемiз. [/dcs_p] [dcs_p] Әзiрбайжанның Жазушылар­ одағы жас қаламгерлерге жан-жақ­ты қамқорлық жасауға тырысады. Одақтың бiр хатшысына жас­тар iсiмен шұғылдану арнайы тап­сырылған. Оған қоса жастар кеңесi жұмыс iстейдi. Одақта жастарға арналған «Улдуз» деген журнал шығады. Басылымның редакциясында кiлең жастар жұмыс iстейдi. Одақ құрылымындағы маңызды қызметтерге жастарды көбiрек тартуға тырысамыз. Кейiнгi кезде Одақтың газет-журналдарының бас редакторы қызметiне жастарды тағайындау белең алды. Жас жазушылардың арасында таланттылар аз емес, әдебиетiміздiң болашағын солармен байланыстырамыз. Рас, олар ғаламтор мен виртуалды байланыс заманының ұрпақтары, бұрынғы ұрпақтан басқаша. Адам ата-анасына емес, заманына тартады дейдi емес пе, бұл — заңдылық. Осы үрдiс Әзiрбайжанның жас жазушыларына ғана емес, жалпы ТМД жастарына тән ғой. [/dcs_p]

[dcs_p] – Қазір түркі тілдес мемлекеттер жазушыларын қандай идея біріктіреді? [/dcs_p] [dcs_p] – Ортақ мәдени, рухани негізді іздеу, тарихи тағдырлас, бауырлас халықтарды бір-біріне таныту, халықтарды ұйымшылдыққа шақыру, туыс халықтарды бір-біріне жақындастыру. Бұл түркі жазушыларының қаламгер ретіндегі бір функциясы десек болады. [/dcs_p]

[dcs_p] – Халықтың өшпес рухы оның тілінде емес пе? Бұрын түркі халықтарының ұлттығын сақтап қалудағы басты қауіп орыс тілі десек, бүгін оның орнын ағылшын тілі басуда. «Батыстың тілін меңгермей кәсіп табу мүмкін емес» деген түсінік қалыптасты. Жаһандану дәуірінде түркі тілдерінің болашағы қалай болмақ? [/dcs_p]

[dcs_p] – Түркі республикаларындағы жастардың жаппай ағылшын тілін үйреніп, басқа да шет ел тілдерін меңгеріп жатқандығында сөкеттік жоқ. Батыстың да, Шығыстың да тілдерін үйрене берсін. Бірақ орыс тілін мүлдем ұмытып, қолданыстан шығарып тастаған дұрыс емес. Ал бәрінен маңыздысы, тек жазушылар ғана емес, жалпы қоғам, әсіресе жас ұрпақ ана тілін өте жетік дәрежеде меңгеруі керек. Ана тіл – ұлттың айбыны. Әдебиетсіз тіл жоқ, тілсіз ұлтты көзге елестету мүмкін емес. Бұны әр адам есінде ұстауы керек. [/dcs_p]

[dcs_p] Сұхбаттасқан [/dcs_p] [dcs_p] Шарафат Жылқыбаева [/dcs_p]